Национальный детский песенный конкурс «Бала дауысы»
Национальный детский песенный конкурс «Бала дауысы»

«Бала дауысы» жеңімпазы Диснейлендке аттанады!

23 қыркүйекте Алматыда Оқушылар сарайының сахнасында «Бала дауысы» ұлттық балалар ән байқауының 7 маусымының қорытындысы шығарылды.

5 сәуір мен 15 мамыр аралығында қашықтықтан іріктеу кезеңі өтті, оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 8-12 жас аралығындағы 3 534 жас орындаушы қатысты. Айта кету керек, «Бала дауысы» байқауы әлеуметтік жоба болып табылады, яғни балалар оған ақысыз негізде қатысады. 2016 жылдан бастап «Бала дауысы» бас серіктесі -Нұрсұлтан Назарбаев Қоры.

Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша кәсіби қазылар алқасы 18 финалистті анықтады, олар үшін 1 маусым мен 20 қыркүйек аралығында вокал және актерлік шеберлік бойынша сабақтар, фотосессия, телевизиялық роликтер түсіру ұйымдастырылды. Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін 7 маусымның финалистері Көк Төбе саябағында концерттік бағдарлама ұсынды. Әр финалистке дайындық кезеңінде жеке дизайн бойынша имидждік және сахналық костюмдер тігіліп, бейне контент жасалды.

Байқаудың финалдық кезеңі осы күндері Алматы Оқушылар сарайының концерт залында өтті.

22 қыркүйекте "Бала дауысы" түлектерінің шығармашылық кеші, 23 қыркүйекте – конкурстық концерттік бағдарлама өтті, онда 18 финалист Илья Башкатовтың жетекшілігімен бэнд сүйемелдеуімен танымал халықтық және эстрадалық композицияларды орындады.

«Мен жыл сайын «Бала дауысы» қорытынды концертін асыға күтемін. Балалар қазақстандық ән әлеміне керемет саяхат сыйлады! Көрермендер «Арманай», «Ақсұңқар» халық әндерін, Роза Рымбаева, Мәдина Сәдуақасова, Маржан Арапбаева, Алтынай Жорабаева, Жеңіс Ысқақова, Мархаба Сәби, Рахат Тұрлыханов, «А-студио», «МузАРТ», «Дос Мұқасан», «Мюзиколла», «JCS» топтарының репертуарынан танымал композицияларды тыңдады. Біз өткен жылдардағы «Бала дауысы» түлектерінің өнерін тамашаладық, олар қазіргі таңда біздің эстрадамыздың танымал жас орындаушылары болып табылады. Ең бастысы, балалар шеберліктерін жоғары деңгейде көрсетті. Ең алдымен, бэнд музыканттарының кәсібилігін, режиссураның жоғары деңгейін, вокал бойынша педагогтардың, киім дизайнерлерінің, стилистердің, бейне-контент әзірлеушілердің жұмысын атап өткім келеді. Барлығы соншалықты үйлесімді, құрылымдық және тұтас!»- деп композитор және өнертанушы Назым Мухадиева өз ойымен бөлісті.

Балалардың өнерін дәстүрлі түрде қазылар алқасы бағалады, олардың арасында қазақ эстрадасының танымал әртістері Әли Оқапов, Зарина Алтынбаева, Айри және Аян Бірбаев бар.

Кештің шарықтау шегі марапаттау рәсімі болды. Байқаудың үшінші жүлдесін Батыс Қазақстаннан келген Максим Скоробогатов, Түркістан облысы – Халық Ғалымат және Қарағанды облысының өкілі Ислам Кушенов иеленді. Екінші сыйлыққа Алматы облысынан келген Алсу Ұлуханова және Атырау облысынан Дильназ Ежірова ие болды. Алматы қаласының атынан өнер көрсеткен жас финалист София Балғазина бірінші сыйлыққа ие болды.

7 маусымының Гран - при жүлдесін Абай облысының Семей қаласынан келген Ырысгүл Қайратбек иеленді. Ырысгүл Қазақ ұлттық өнер университетінің дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектебінде оқуына грантына ие болып, ертегі Диснейлендке ұмытылмас саяхатқа жолдама алды.